Балуандар белдесті
2019 жылғы 13 сәуір күні «Арман» МТОТЖО дзюдо-дан қалааралық біріншілік ұйымдастырды. Оны өткізуге Орталықтың спорт бөлімі жауапты болды. Жарысқа Нұрсұлтан, Екібастұз, Петропавл қалалары мен Ақмола облысы Целиноград ауданынан және Нұрсұлтан қаласы «Батыр боламын» клубының жас балуандары қатысты. 2007-2008 жылы туған және 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер мен 2011-2012 жылы туған кіші жастағы жасөспірімдер, 2009 жылы туған және одан кіші жастағы жасөспірім қыздар қатысқан спорттық белдесу өте тартысты өтті.
Іс-шара барысында жалпы 92 дана медаль сарапқа салынған еді. Жарыстың қорытындысы бойынша «Арман» Орталығының шәкірттері 23 салмақ дәрежесі бойынша 15 алтын, 11 күміс, 17 қола медальді жеңіп алды. Мұның барлығы тәжірибелі жаттықтырушы ретінде Д.Н.Азербаевтың және Тоқанов Төлебидің балалармен талмай еңбектеніп, жаттығу барысын дұрыс ұйымдастыра алғанының жемісі деп білеміз.
Жас балуандарды мерейлі жеңістерімен құттықтап, жеңіс тұғырында медальдарын табыстау үшін еркін күрестен Ақмола облыстық жастар мен жасөспірімдердің құрама командасының аға бапкері Фархат Мерекеұлы, «Нұр Отан» ХДП Бурабай аймақтық филиалының есепке алу және статистика секторының меңгерушісі Қымбат Болыспаевна Абдилова арнайы қатысты. Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысады,- деген аталы мақал тегін айтылмаса керек. Орталықтың спорт бөлімінің ата-аналар комитеті Ақмола облыстық «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамымен бірлесіп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
Алдағы уақытта да жас балуандарымыздың биік белестерді бағындырып, жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз.
Л.Егембердиева,
«Арман» МТОТЖО
Щучинск қаласы.