2019 жылғы 24 маусым күні Бурабай ауданы Қатаркөл селосында орналасқан ауылшаруашылық колледжінің базасында Ақмола облысы білім беру қызметкерлерінің «Мұғалім – 2019» 19-шы облыстық спартакиадасы өтті.
Спартакиаданың ашылу рәсімін ұйымдастыруға «Арман» МТОТЖО қызметкерлері жауапты болды. Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Балапайқызы Дүйсенова арнайы келіп қатысып, спартакиадаға қатысушыларға құттықтау сөзін арнады. Сонымен қатар, Ақмола облысының білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Бейсенбай Қадырұлы Абдрахманов та өз кезегінде жарысқа қатысушыларды құттықтады. Маңызды іс-шараға Ақмола облысы кәсіподақ орталығының төрағасы Қали Сұлтанахмедұлы Рахметов қатысып, ізгі тілектерін жеткізді.
Шаңғы жарысынан Қазақстан Республикасының чемпионы, республикалық жарыстар мен чемпионаттардың бірнеше дүркін чемпионы, РФ Красноярск қ. Өткен 2019 жылғы жастар арасындағы қысқы универсиаданың Әлем Чемпионатына қатысқан Анна Мельник туды алып шықты.
Салтанатты іс-шара барысында «Арман» Орталығының спорт секциясының шәкірттері, «Роммакс» би студиясы, қосымша білім беру педагогтары, облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып жүрген «ШИДАЙ» клубының «КАРАТЭ-ДО» секциясының қатысушылары өнер көрсетті.
Іс-шараның жүргізушілері спартакиада барысында төрешілік ететін қазыларды таныстырды. Бас төреші – Ермуханов Аман Акылбайұлы - облыстық дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери дайындығының оқу–әдістемелік орталығының директоры. Бас хатшы – Исабаев Азамат Болатович- облыстық дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери дайындығының оқу–әдістемелік орталығының әдіскері.
Атбасар қаласы, аграрлық-индустриялық колледжінің оқытушысы Сангирев Ахмед Ирбекұлы волейболдан төрешілік етті. Ал, үшсайыстан Анастасиади Константин Ивановичке төрешілік ету тапсырылды. Щучинск қаласы, жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Глинов Владимир Петрович үстел үсті теннисінен қазылық жасады. Қала спорты бойынша төреші – Джуасов Хаси Хамитович. Тоғызқұмалақ ойындарын Рыстамбетов Аманкельды Жакенұлы, дойбыдан Мухамеджанов Куаныш Максутович төрешілік етті. Көкшетау қ. «Әулет» қосымша білім беру ұйымының мұғалімі Бегожин Канат Тохтарұлы шахматтан қазылық етті.
Жалпы командалық есеп бойынша Бурабай ауданының командасы 1 орынды иеленді. Жерлестерімізді жеңісті марапаттарымен құттықтаймыз!
Л.Егембердиева,
«Арман» МТОТЖО