Қазақ күресінің балуандары «Арманда»
«Арман» МТОТЖО спорт секциясының меңгерушісі Д.Азербаевтың ұйымдастыруымен еліміздегі қазақ күресінің балуандарымен кездесу болып өтті. Шығыс Қазақстан облысының тумалары Қазақ күресінен ІІ дүркін Әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2014 жылы «Қазақстан барысы» атанған Мұхит Шыңғысұлы Тұрсынов, самбодан және дзю-додан спорт шебері, қазақ күресінен әлем чемпионы, «Еуразия барысы» турнирінің жеңімпазы, Қазақстан құрама командасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Қуаныш Ғабдулқақұлы Искаков, Солтүстік Қазақстан облысынан келген қазақ күресінен ҚР Чемпионатының жүлдегері, белбеу күресінен ҚР Кубогінің жеңімпазы, спорт шебері, жоғары дәрежедегі бапкер Дамир Бекбосынов келді.
Орталықта спорт секциясы бойынша күреспен айналысушы балалар кездесуге үлкен ынтамен қатысты. Қонақтарға түрлі сұрақтар қойып, жан-жақты, мазмұнды жауап ала алды. Әсіресе, балаларды спортшылардың қандай тәсілді жиі қолданатындары, қарсыластарын қалай зерттейтіндері туралы сұрақтар қызықтырды.
Өз кезегінде, Мұхит Шыңғысұлы мен Қуаныш Ғабдулқақұлы балаларға жақсы спортшы болу үшін, ең алдымен сабақты жақсы оқулары керектігін, өйткені спорт қара күшті ғана емес, жан-жақты білімді болуды қажет ететін дүние екендігін түсіндірді. Балалар әсерлі әңгімеден үлкен өнеге ала алды деп ойлаймыз. Спортшыларды күтіп
алып, қонақжайлылық танытқан ата-аналар комитетінің мүшелеріне алғыс білдіреміз.
Д.Азербаев,
«Арман» МТОТЖО
спорт секциясының меңгерушісі