Ынтымақтастық туралы меморандум жасалды
Жақында ғана «Арман» Орталығында «Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!» тақырыбында аудандық балалар медиафестивалі өткені белгілі. Осы іс-шараға ауданымыздың белді газеттерінің редакторлары қатысқан еді. Балаларға шеберлік сыныптарын өткізіп, ересектер мен балалар өздеріне көптеген пайдалы ой түйіп, тәжірибе алмасып қайтқан болатын.
Басталған жақсы істің жалғасы ретінде, аудандық жарнамалық-ақпараттық «Стабильная» газетінің редакторы Алексей Мансурович Каримов редакция мен орталық арасында әріптестік орнатуды ұсынды. Ал, орталық әкімшілігі ұсынысты қабыл алды. Сөйтіп, «Стабильная» газетінің редакциясы мен «Арман» МТОТЖО арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұл іс-шараға Бурабай ауданы мен Щучинск қаласы мектептерінің баспасөз орталықтарының өкілдері мен аға тәлімгерлері шақырылды. Орталықтың атынан Бурабай ауданының Ұланбасы Регина Сердюк, редакция тарапынан газеттің редакторы А.М.Каримов қол қойды.
Содан соң, Алексей Мансурович балаларға газеттің макеті қалай жасалатыны туралы түсінік беріп, компьютерлік бағдарлама бойынша шеберлік сынып өткізді. Оқушылар мен аға тәлімгерлер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алып, жаңа мәліметтерге қанықты.
Айта кетерлік жағымды жаңалық, газет бетінен ауданның мектеп өміріне арналған айдар ашылмақшы. Ауданның жас тілшілері өздері жазған ақпаратты редакцияға жолдай алады. Редактор көрсепткен компьютерлік бағдарлама арқылы өз газеттерін беттеп, кәсіби тұрғыда рәсімдей алатын болады.
Л.Егембердиева,
«Арман» МТОТЖО
Щучинск қаласы