Болмасын соғыс, болмасын!..
2019 жылғы 8 мамыр күні «Арман» Орталығында 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған митинг болып өтті. Оған Орталық қызметкерлері мен тәрбиеленуші шәкірттер қатысты. Жас ұрпақ үшін бұл күннің қадір-қасиетін жетік түсіндіру, жүректерімен ұғындыру өте маңызды болып табылады. Сол себепті, Бурабай ауданы әскери бөлімнің әскери-патриоттық жұмыс бойынша бөлім бастығының көмекшісі Мейрамбек Баймұханұлы Исманов, тыл еңбеккері Лидия Васильевна Ларионова, еңбек ардагері Валентина Алексеевна Шматкова, соғысқа қатысушы ардагердің қызы, ардагер ұстаз Наталья Ивановна Павлова, ардагер ұстаз, Бурабай ауданының құрметті азаматы Багила Батырғалиқызы Касенова, «Намыс» әскери-патриоттық клубының курсанттары арнайы іс-шараға шақырылды.
Жас жеткіншектердің алдында сөз сөйлеген ардагерлер сол уақыттағы қиын-қыстау кезеңді бала болса да бастарынан ересектермен қатар өткізгендерін естелік ретінде әңгімеледі. Олардың аузынан шыққан оқиғалар әлі ешбір кітапқа енбеген, баспасөзде жарияланып үлгермеген. Соған қарап, 74 жыл өтсе де, зұлмат соғыстың жер бетіндегі төндірген қасіретін айтып та, жазып та тауысу мүмкін еместігін сезінесің.
Орталықтың әдіскерлері Н.К.Газезова мен Қ.А.Байздрахманова іс-шараны шеберлікпен жүргізді. Қосымша білім беру педагогы Б.Алишевтің орындауындағы ән балалардың бойында патриоттық сезімдерін оятып, жігерлерін жани түсті.
«Намыс» әскери-патриоттық клубының курсанттары жиналғандардың алдында әскери өнерлерін көрсетті. Табиғат-ана да бүгін бар мейірін төгіп, жылуын аямай шашып тұрды. Бейбіт күннің қадірі мен қасиетін, арайлап атқан әрбір таңның жылы шуағын сезіне білу үлкен бақыт екенін жас жеткіншектер жан-тәндерімен түсінді. Иә, әлемде болмасын соғыс, болмасын...
Л.Егембердиева,
«Арман» МТОТЖО
Щучинск қаласы.