«Ақмола облысы білім басқармасының Бурабай ауданы бойынша білім бөлімінің жанындағы Щучинск қаласының «Арман» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны
Государственное коммунальное казенное предприятие «Центр детско-юношеского творчества «Арман» города Щучинск при отделе образования по Бурабайскому району управления образования Акмолинской области» 

    

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

«Тіл мектебі» берген тағылым

Қазіргі таңда мемлекеттік тілге құрмет, тілді оқып-үйренуге деген ынтасы бар қазақ тілді емес отандастарымыздың қатары күн санап өсіп келеді. Әсіресе, ел ертеңі болатын, тәуелсіздіктің тұғырын сеніп тапсыратын жастардың ынта-тілегі көңіл қуантады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шаралар жоспарына сәйкес және ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ қолдауымен Ақмола облысында «Тілдерді үйретудің инновациялық тәсілдері» тақырыбында тілдерді жеделдете оқытудың заманауи технологияларын әзірлеу және енгізу бойынша республикалық «Тілдерді дамыту мектебі» өткізілді.

Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, рухани құндылықтарды сақтай отырып жастардың мемлекеттік тілді үйренудегі құлшынысын дамыту. Тілдерді жеделдете оқытудың заманауи технологияларымен танысуға мүмкіндік береді. Осы бірнеше күндер аралығында өткен іс-шара өз мақсатына жете алды. Мен өзім қатысқан топ жұмысы мен топ өкілдері туралы аздап сыр шертпектін.  

Арқаның аязы күшіне мінген күндер басталған. «Осындай да осындай, республикалық семинар өтеді» деген үшбу хат келді электронды почтаға. Басшылықтың ұйғарымымен сонда баратын болдым. Ертелетіп-жеделдетіп «Щучинский» шипажайына жеттім. Бірінші қабатта Кира және Юлия деген қыздар баротыр екен. Қазақшалары тәп-тәуір, ішім жылып қалды. Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Өмірбаева Сәуле Өмірсерікқызының айтқан уәжіне қатысушылар бір ауыздан келістік. Алдыңғы қатарда талдырмаш бойлы, қолаң шашты қыз қазақ тілінде еркін сөйлеп отырды. Онымен бір топқа түстік. Таныса келе, аты-жөні Вера Шин екенін, анасы орыс, әкесі кәріс ұлтынан, өзі қазақтың келіні екенін білдік. Айта берсек, көп. Күрд ұлтының өкілі Фатима бала кезінен қазақ балаларының арасында өседі. Анасы 1 сыныпта орыс мектебіне әкеліп тапсырады. Дегенмен, 4 сыныптан соң қазақ мектебіне ауыстыруға тура келеді. Себебі, қазақ тілінде сөйлеп, қазақша ойлайтын қызға орыс мектебінде оқу қиындық туғызады. Дүнген ұлтының қызы Динара қазақша тақылдап тұр. Тіпті, бір қарағанда қазақтың қара көзі мөлдіреген сұлуынан аумайды. Шәмші Қалдяқовты тамсандырып, «Дүнген қызы» әнін тудырған, ғашық еткен ару Динара сияқты болған шығар,- деген ой келді.

Сонымен қатар, қыз-келіншектердің арасында көздерінен от ұшқындаған, иманжүзды жас жігіттер де жүрді. Диар – ұйғыр ұлтынан, Османхан – ер түріктің өкілі, Саид Садер – Ауғанстаннан оқуға келген студент жас. Саид өз бетімен тіл сындырып, оқу-жазуды үйренгенін айтты. Өзі парсы, пуштун, ағылшын, орыс, қазақ тілдерінде сөйлейді, әрі бірнеше тілді түсінеді. Тағы бір ауыз толтырып айта кетерлігі, Саид парсы-ағылшын-орыс-қазақ тілдерінде медициналық терминологиялық сөздік жасапты. Медицина саласында қазақ оқымыстыларының өзі саусақпен санарлықтайы сөздік жасап, оқулық құрастырып жүргенін ескерсек, бұл жас жігіттің еңбегі үлкен құрметке лайық деп ойлаймын.

Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін жеделдете оқытудың әдістерін үйретіп, бар білгенін біздің бойымызға құйған Құралай Ғалиақбарқызы Мұтанованың еңбегі – ерен. Қазақтың бай тілін, мағынасы терең сөздерін қарапайым тәсілмен, әр сөздің мәнін жан-жақты түсіндіре отырып үйретеді.

Арамызда Ақтау қаласынан келген Эльвира Цхай есімді кәріс ұлтының өкілі болды. Алғашқы күні Эльвира өзінің тілдік білімі өте төмен екенін мойындады, яғни қазақша түсінгенмен жауап бере алмайды. Сабақ барысында жиі оқып, талқылап, сұрақтарға жауап беріп әжептеуір тіл сындырып қалды.

Құралай Ғалиақпарқызы тренинг барысында қатысушылардың әрқайсысы үшін ашылуына, өзін еркін ұстауына, тілдік кедергінің жойылуына мүмкіндік жасады.

Османхан – Шымкенттегі облыстық  өзбек драма театрының белді актері, Өзбек мәдени орталығы төрағасының орынбасары, іскер жігіт. Актерлік шеберлігін сабақ барысында да қолданып, топтың көңілін көтеріп отырды. Ал, Диар болса – ұйғырдың баласы, қазақшасы өте жақсы, өзі бастауыш сыныптарға ағылшын тілінен сабақ береді. Сабырлды, зейін қойып тыңдайды, пәлсапалық мәні бар ой түйеді.

«Тіл – ұлтаралық қатынас құралы» тақырыбындағы ашық алаң қызу пікірлерге толы өтті. Әрбір қатысушы өз ойын ортаға салып, тіл үйрену және үйрету жолындағы тәжірибелерімен бөлісті. «Ел бірлігі – оның әралуандылығында» тақырыбында Мемлекет басшысының 2019 жылғы 02 қыркүйек күнгі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негіздері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы мемлекеттік тілдің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі жайында пікірлесіп, жақсы ұсыныстар айтылды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты, Геннадий Геннадьевич Шиповских, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Таңшолпан» бағдарламасының журналисті Алла Николайқызы Гаврина кездесуге келді. Парламент Мәжілісінің қабырғасында және ұлттық арна эфирінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің отыруы басқаларға үлгі боларлықтай іс. Олармен кездесу өте қызықты, әсерлі болды. Еркін пікірлесіп, қызықтырған сұрақтарына топ мүшелері толыққанды жауап ала алды.

«Тіл мектебіне» қатысушылар үшін «Бурабай» МҰТП аймағына саяхат ұйымдастырылған болатын. Әсем табиғатын тамашалап, сырлы тарихына бойлаған қатысушылар ерекше шабытқа ие болып жыр арнады, өлең оқыды. Сөзбен айтып жеткізе алмастай әсерге бөленді. Семинар барысында сабақтың тартымды, әр сабақ пен тақырып бір-бірін қайталамай өтуіне Бурабай табиғатының сұлулығы мен саф таза ауасы, шипасы да өз үлесін қосқаны сөзсіз. Қазақстанның әр тарапынан келген, мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай өзгелерге үйретіп жүрген бауырларымыз бір аптаның ішінде дос-құрбыға айналды. Осы таныстығымыз үзілмейтін байланыс орнаттық. Іс-шараны ұйымдастырушылар мен сабақ берген ұстаздарға айтар алғысымыз шексіз. Барлық қатысушылар бір ауыздан бұл бағдарлама ұзақ мерзімді болса деген тілектерін айтты.

 

Ләззат Егембердиева,

Ақмола облысы 

   

Жаңартылған күні: 27.12.2019 16:44
Құрылған күні: 27.12.2019 16:44

Текст