ҚАЗАҚСТАН – БАҚЫТЫМНЫҢ ОРДАСЫ
2018 жылғы18 қыркүйек күні «Арман» МТОТЖО «Қазақстан – бақытымның ордасы» тақырыбында 7-8сынып оқушылары арасында мемлекеттік тілді меңгеруге арналған аудандық байқау өтті. «Арман» Орталығы және Бурабай кенті С.Сейфуллин ат. орта мектебі байқауды ұйымдастыруға жауапты болды.
Байқау мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, халықты қазақ тілін құрметтеуге шақыру, мемлекеттік тілді дамыту проблемасына қалың көпшілік пен бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударту, азаматтардың шығармашылық белсенділігін арттыру мақсатында өткізілді. Байқауға мемлекеттік тілді меңгерген басқа ұлт өкілдерінің балалары қатысты.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды: 1 кезең «Сәлем берем, сәлем беру салтымыз», 2 кезең «Ойдың көркі – тіл», 3 кезең «Сөз мәйегі» және 4 кезең «Өнерлі – өрге жүзер» деп аталды. Байқау барысында қатысушылардың өнерін бағалауға Бурабай кенті С.Сейфуллин ат. орта мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Сара Кагенқызы Искакова, аудандық тілдерді оқыту орталығының әдіскері Жанар Каиртайқызы Махметова, «Арман» МТОТЖО аудармашысы Ләззат Картайқызы Егембердиева қазылық етті. С.Сейфуллин ат. орта мектептің жас маманы – аға тәлімгері және қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Серікбай Ақжол сайыстың жүргізушісі болды. Іс-шара барысында сайысқа қатысушылар ережеге сай жан-жақты дайындалып келгені байқалды.
Олардың тіл мәдениетін, дауыс мәнерін әжептеуір меңгергендері, мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшыныстары, ойларын еркін жеткізуге тырысқандары қуантады. Сегіз қырлы, бір сырлы оқушылар Абай Құнанбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, мың бұрала би билеп, қолөнер туындыларын көрермендер назарына ұсынды.
Тартысты өткен сайыс барысында Ахматова Сезімгүл, Рябухина Ксения мен Мустафаев Абдул белсенді қатысқандары үшін Мақтау қағазымен марапатталды. І орынды Эрбес Каролина, ІІ орынды Камалова Зарина және ІІІ орынды Нилова Каролина иеленді.
Жеңімпазымыз облыстық сайыста бағын сынап, ауданның мәртебесін қорғайтын болады. Орталық атынан С.Сейфуллин атындағы орта мектептің ұжымы мен қазылар алқасына, қатысушылардың тәлімгерлеріне сайыстың ойдағыдай өтуіне атсалысқандары үшін алғыс білдіреміз.
Л.Егембердиева
«Арман» МТОТЖО
Щучинск қаласы